Министрдің орынбасары Сәкен Сәрсенов бастаған Қазақстан ІІМ делегациясы Қытайға жұмыс сапарымен барды, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың тапсырмасы бойынша полиция ведомствосының өкілдері цифрландыру және тәртіп сақшыларының қызметінде заманауи технологияларды қолдану саласындағы шетелдік әріптестердің озық тәжірибесін зерделеді.
Сапар барысында ҚХР қоғамдық қауіпсіздік министрінің орынбасары Ший Датунмен ресми кездесу өтті.
Тараптар құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде және құқық бұзушылықтардың алдын алуда инновациялық әдістерді енгізу саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды.
Қазақстандық делегация қытайлық электронды технологиялар тобының, дрондарды қолдану жөніндегі полиция базасының командалық пунктінің, сондай-ақ Бейжің қаласының қоғамдық қауіпсіздік бюросының заңдарды сақтау және істерді басқару жөніндегі орталығының жұмысымен танысты.
Қытай тарапы цифрлық мониторинг технологияларын, соның ішінде "үлкен деректерді", жасанды интеллектті, биометриялық жүйені, бейнебақылауды, сондай-ақ қоғамдық орындардағы, көліктегі және басқа да маңызды нысандардағы жағдайды бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануды көрсетті.
Қытайдың осы салалардағы сәтті тәжірибесі Қазақстан үшін құнды бағдар болмақ. Цифрлық шешімдер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде, қылмыстардың алдын алуда, "Заң мен Тәртіп" қағидатын нығайтуда үлкен маңызға ие.