Абай облысының Курчатов қаласында Сенаттың радиациялық және сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы өтті, стратегиялық маңызы бар объектілердің қорғанысы талқыланды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға Сенат депутаттары, Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының “Шығыс” ӨңҚ әскери қызметшілері қатысты.
Кездесу барысында Аңсаған Балтабеков депутаттарды әскерлердің қызметтік-жауынгерлік қызметі, осы кезеңдегі жағдайы және даму перспективалары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
– Ұлттық ұлан Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді және жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауға арналған. Басты міндеттердің бірі – маңызды мемлекеттік объектілерді қорғау. Сондай-ақ ҚР ІІМ Ұлттық ұланға басқа да міндеттер жүктелген, – деп атап өтті Аңсаған Балтабеков.
Көшпелі отырыс аясында қонақтар “Байкал-1” реактор кешенінің қызметімен танысты. Дәл осы кешенде 1962-1991 жылдар аралығында КСРО-да ядролық зымыран қозғалтқыштарын құру жұмыстары жүргізілді. Делегацияны ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков қарсы алып, қонақтарды реактор кешенімен таныстырды.
Осы маңызды мемлекеттік объектінің периметрі бойынша күзетті Ұлттық ұланның “Шығыс” ӨңҚ 3514 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жүзеге асырады және болашақта объектінің қорғаныс жүйесі жаңғыртудан өтетін болады.
Сондай-ақ депутаттар Семей полигонының тарихи-экспозициялық залында болып, полигонның ашылу және даму тарихымен, ядролық жарылыстардың салдарымен танысты. Одан бөлек қонақтар көрнекті физик-практик Игорь Васильевич Курчатовтың өмірі мен қызметін бейнелейтін жұмыс кабинетінде болды. Аңсаған Балтабеков экспозиция залының Құрмет кітабына Ұлттық ұлан атынан естелік жазба қалдырды.
Бұдан әрі комитет мүшелері №27 радионуклидтік, элементтік сараптама және цитогенетикалық зерттеулердің зертханалық корпусында Қазақстан Республикасының радиациялық және сейсмикалық қауіпсіздігінің әлеуеті туралы білді. 1964 жылы пайдалануға берілген зертханада ядролық жарылыстардан зардап шеккен адамдар мен қоршаған орта объектілерінің радиация мөлшерін анықтайтын құрылғының сараптамасы көрсетілді.
Осыдан кейін халық қалаулылары Ұлттық ұланның 3514 әскери бөлімінің қызметтік-жауынгерлік қызметімен танысты. Делегацияны 3514 әскери бөлімінің командирі Сағынғали Батаев алып жүрді. Бірінші кезекте парламентшілер оқу-материалдық базамен және әскери қалашықтың инфрақұрылымымен танысты. Сонымен қатар қонақтарға әскери техника мен қару-жарақ үлгілері көрсетілді.
Әскери қызметшілермен жүздесу барысында Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин ел басшылығы армияның жауынгерлік қабілетін қалыптастыру, әскери қызметтің беделін арттыру және Қарулы күштер мен басқа да әскери құралымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтті.
Кездесу соңында депутаттар ұландықтарға алғыс айтып, құқықтық тәртіп әскерлерінің жеке құрамы армия мен мемлекетті нығайтуға лайықты үлес қосатынына сенім білдірді