Елордада стихиялық полигондармен күрес тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері қаланың бес ауданында 162 мың тонна қоқыс жиналып, полигондарға шығарылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елорданың әрбір ауданында күн сайын рұқсат етілмеген полигондардың болуына мониторинг жүргізіледі. Жыл басынан бері қала және оған іргелес аумақ бойынша 221 учаске жойылып, 162 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.Мысалы, Алматы ауданы бойынша 115 учаске жойылып, 55 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды (7 842 рейс).Байқоңыр ауданында 10 учаске жойылып, 8 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.Есіл ауданы бойынша 18 учаске жойылып, 20 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.Сарыарқа ауданы бойынша 39 стихиялық қоқыс тастайтын орын пысықталып, ол жерлерден 38 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Жұмыс жалғасып жатыр.Нұра ауданында жойылған 39 учаскеден 40 мың тонна қоқыс шығарылды.Астанада рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінен қоқыс жинауға арналған қалалық ҚТҚ полигонының жанында уақытша алаң белгіленді, ол Алаш, 64 тас жолында орналасқан.
іKomek арқылы құрылыс алаңдарынан қоқысты шығару және рұқсат етілмеген орындарға тастау фактілері белгіленіп, құқық қорғау органдарымен бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізіледі.Жыл басынан бері жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін 9 мыңға жуық құқық бұзушы анықталды, оларға 136 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Сонымен қатар қоқысты рұқсатсыз түсіргені үшін 161 жүк көлігінің жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 млн 200 мың теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.Заңсыз полигондарды жою жұмыстары жалғасуда. Соның ішінде жаңа ошақтардың пайда болуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдануда.
Естеріңізге сала кетейік, «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріздерін тазарту, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілуде.Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп ұстау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т. б. жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар елордада Taza Astana жаңа әлеуметтік жобасы іске қосылды. Жоба құқықтық тәртіп, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау, көппәтерлі тұрғын үйлердің, үй жанындағы, орамішілік және аула аумақтарының кірме топтарының тазалығы мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жасауға бағытталған.