Қызылорда облысының полицейлері “Қарасора – 2024” іс-шарасы барысында есірткінің аса ірі партиясын тасымалдаған екі ақтөбелікті ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Самара – Шымкент тасжолында Қызылорда облысы Арал ауданының тұсында Қызылорда ПД патрульдік полиция рота қызметкерлерімен жылдамдық режимін бұзған Nissan Primera автокөлігі тоқтатылды. Тексеру барысында көліктің жүксалғышынан үш үлкен полиэтилен пакетіне оралған жасыл түсті зат анықталып, айғақ зат ретінде алынды.
Сараптама қорытындысымен алынған зат 6 келі 260 грамм кептірілген марихуана екендігі нақтыланды. Автокөлікті тізгіндеген 42 жастағы жүргізуші мен жолаушысы Ақтөбе облысының тұрғындары болып шықты. Күдіктілер УҰИ-ға қамалды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды.