Демалыс күндері Алматы жолдарында 8 мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматыда “Құқықтық тәртіп” республикалық жедел алдын алу іс-шарасының кезекті кезеңі өтіп жатыр.
– Кең ауқымды іс-шара жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, олардың салдарының ауырлығын азайтуға, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерінің жолын кесуге және анықтауға бағытталған. Профилактикалық жұмыстар күшейтіліп, жол қозғалысына қатысушылар арасында жол қауіпсіздігі талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді. Өткен демалыс күндері қала жолдарында 2 мыңға жуық жол ережесін бұзу дерегі анықталды, – деді Алматы қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Оның ішінде көлік құралын мас күйінде басқарудың 8 дерегі, жүргізуші куәлігі жоқ адамдардың көлік құралын басқаруының 16 дерегі, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығудың 9 дерегі, автокөлікті қайта жабдықтаудың 7 дерегі, көлік құралы терезелерін қараңғылаудың 38 дерегі бар.
Сондай-ақ самокат тізгіндеген 303 адам және мопед басқарған 500 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жедел алдын алу іс-шаралары өткізілетін күндері патрульдік полиция қызметкерлері күшейтілген қызмет атқарады.
– Бірінші кезектегі міндет – жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау және жолын кесу. Өрескел бұзушылықтар – мас күйінде көлік жүргізу, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу, қауіпсіздік белдіктерін тақпау, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонмен сөйлесу, апаттық жағдайдағы көліктерді анықтау және жолын кесу деректерін анықтау, – деді Серік Шумаев.