Елордада жұмыссыз қала тұрғындарының жұмыс тауып, қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін «JOLTAP» жобасы жүріп жатыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгінде жоба аясында 2 мыңнан астам елордалық түрлі мамандықтар бойынша оқыту курстарынан өткен. Ал оқыту бағдарламалары еңбек нарығының сұраныстарына сүйене отырып жасалған. Мәселен елордалық Нұрсұлтан Телтаев жоба аясында «Мобилография» курсын аяқтап, бүгінде табыс тауып жүр.28 жастағы қала тұрғыны «JOLTAP» жобасына дейін аспазшы болып табыс тапқан. Бірақ денсаулығына байланысты жұмысын ауыстыруға тура келген.«Мобилографияны меңгермей тұрып, 6 жыл бойы аспазшы болып жұмыс істедім. Сол уақытта да видео түсіруге деген қызығушылығым болды. Ал нарықта оған үйрететін курстар айына 300-350 мыңнан басталады. Бірақ ондай мүмкіндігім болған жоқ. Кейін денсаулығыма байланысты жұмыс орнын ауыстыруыма тура келді. Осылайша қала көшелерінде орналасқан пунктердің біріне кіріп, 14 мамандықтың ішінен «Мобилография» курсын таңдадым», - дейді Нұрсұлтан Телтаев.Елорда тұрғыны 11 күн ішінде смартфон арқылы сәнді фото мен видеоларды түсіруді және оны монтаждап, дайын контент жасауды үйренген. Курсты тәмамдағанына бір айдан аса уақыт өтсе де, 4 жоба бойынша жұмыс істеп үлгеріпті.
Мобилограф Нұрсұлтан Телтаевтың сөзінше, «JOLTAP» жобасы жұмыссыз жандарға үлкен мүмкіндік береді.
Айта кетейік, қатысушылардың таңдауына 14 мамандық ұсынылған. Ал оқыту бағдарламалары мамандыққа байланысты 2 аптадан 1 айға дейін барынша қысқа мерзімде практикалық дағдыларды меңгеруге бағытталған.