Түркістан облысында полиция өзгенің көлігіне ұрлыққа түскен күдіктіні қолға түсірді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде ұрлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен 26 жастағы жергілікті тұрғынды қолға түсірді.
Белгілі болғандай, жәбірленуші Wolkswagen Passat автокөлігінің есігін кілттеуді ұмытып кеткен. Соны пайдаланған күдікті жігіт таңғы уақытта көлікке ұрлыққа түскен. Аккумулятор мен автомагнитофонды жымқырып, сатып жіберген.
Тәртіп сақшылары күдіктіден қолды болған автомагнитофонды тәркілеп алды. Қазіргі таңда күдікті жігітке қатысты сотқа іс жолданды.
Өз кезегінде жергілікті тұрғын полицейлерге алғысын білдірді.