2020 жылы Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – портал) арқылы 16,8 мыңнан астам мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарына (бұдан әрі – ОТҚ) және қызметтеріне тапсырыс берді, 19,6 мың адам кепілдік берілген әлеуметтік топтамалар (бұдан әрі – әлеуметтік топтама) алуды ресімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және өнім берушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген ОТҚ-ны жеткізу немесе өздігінен алып кету арқылы алуға болады.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарды, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.
2020 жылы портал арқылы ОТҚ-ның 24 түрін сатып алу мүмкіндігі берілді. Оны 16,3 мыңнан астам адам пайдаланды, оларға 28,8 мың оңалтудың техникалық құралдары берілді.
Қазіргі уақытта тізбе ОТҚ-ның 67 түрін қамтиды, ол одан әрі кеңейтілетін болады.
«Портал іске қосылған кезде тауарды алу әлдеқайда оңай және жылдам болды, сонымен қатар біз оны жолда бақылай аламыз. Енді тапсырыс бұрынғыға қарағанда тезірек келетінін атап өткім келеді. Қазір жеткізу мерзімі 2 аптаға дейін қысқартылды. Бұл өте қуантады. Ал Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері барлығын түсіндіріп, порталдағы ОТҚ-ға өтініш беруге көмектесті», – деп атап өтті Қызылорда облысының тұрғыны, I топ мүгедегі Александр Гундарев.
2020 жылғы қазан айында пилоттық режимде тапсырыс бойынша жеке көмекшілер мен ымдау тілі мамандарының қызметтері порталы арқылы, сондай-ақ санаторий-курорттық ем алу үшін ұйымды таңдау бойынша функционал іске қосылды.
2020 жылы жеке көмекшінің қызметіне 172 тапсырыс, ымдау тілі маманының қызметіне 157 және санаторий-курорттық емделуге 210 тапсырыс жүзеге асырылды.
Бұдан басқа, порталда пилоттық режимде атаулы әлеуметтік көмек алушыларға мемлекеттік әлеуметтік топтама беру бойынша функционал іске қосылды. Жыл қорытындысы бойынша 19,6 мың адам 40 мыңнан астам әлеуметтік топтама алды.
Министрлік өнім берушілер санын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. 2020 жылдың қорытындысы бойынша порталда 7,6 мыңнан астам оңалту құралдары мен қызметтерін жеткізушілер тіркелген, атап айтқанда: арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 828 медициналық-әлеуметтік мекеме, ОТҚ бойынша 25 өнім беруші, жеке көмекшінің 6456 қызметі, 156 ымдау тілі, 41 санаторий-курорттық емдеу, 112 – әлеуметтік топтама.
«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар шеңберінде көзделген.
Порталды пайдалану бойынша кеңесті call-орталықтан 1411 нөмірі бойынша алуға болады.