Шымкент қаласының аумағы кеңейіп, мегаполис мәртебесіне ие болғалы бері көлік тізгіндейтін жүргізушілер қатары да арта түскені белгілі. Олардың дұрыс жүріп-тұруы мен жол ережелерін сақтау бағытындағы жұмыстарды атқаруда қалалық Жол сақшылары өкілдерінің еңбектері ерен. Бүгінде оларға заманауи техникалық құрылғылардың көмегі де орасан зор ықпал етіп жатыр.
«Қорғау» бағдарламасы арқылы Шымкент қалалық Полиция департаменті Жедел басқару орталығының қызметкерлері төленбеген қарыздары бар көлік жүргізушісі туралы сигнал алды. Нәтижесінде шұғыл атқарылған шаралар барысында “Lexus” маркалы көлік иесінің атқарушылық іс жүргізу бойынша 176 миллион теңгеге жуық берешегі бар екені анықталды. Жібек жолында тұрған көлікті ұстау үшін патрульдік полиция қызметкерлері жіберілді.
Қарызын төлеуден жалтарған ер азаматқа жинақталған борыштарын өтеу туралы ескерпе жасалды. Ал, темір тұлпары айыптұраққа қамалды.
Айта кетейік, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында «Қорғау» қосымшасы жалған нөмірлер, өтелмеген қарызы бар азаматтар мен басқа да заң бұзушылықтарға жиі жол беретін қауіпті жүргізушілерді анықтайды. Бүгінде Шымкент қаласы аумағында жол ережесін бұзушылар мен қоғамдық тәртіпті сақтамайтындар санатын анықтайтын қондырғылар да көптеп орнатыла бастаған. Мәселен, жуырда ғана өз көлігінде синтетикалық есірткі сынды препаратты қабылдап отырған жігіттің бейнесі тап осы құрылғылардың жазбасынан табылып, нәтижесінде үлкен келеңсіздікті болдырмау шарасы қабылданған болатын.
17-12-2023, 10:26
Шымкент: «Қорғау» қосымшасы 176 млн теңгеге жуық қарызы бар көлік жүргізушісін анықтады
Фото: pixabay.com
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз