Түркістандық полицейлер “Қорғау” бағдарламасының көмегімен 6 ай ішінде 500-ден астам борышкердің көлігін анықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Осы жылдың сәуір айынан бастап Түркістан облысының аумағында “Қорғау – қауіпті жүргізуші” бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Аталған бағдарлама “Сергек” камералары арқылы тәртіп сақшыларына жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға бақылау жүргізуге көмектеседі.
Мәселен “Қорғау” мобильді қосымшасы республикалық маңызы бар жолдарда қызмет атқаратын Түркістан облысы патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің планшеттері мен қала сыртындағы трассаларда орналасқан “Сергек” камераларына қосылған. Бұл жол қозғалысы ережелерін бұзушылар мен борышкерлерді анықтау бойынша жұмысты жеңілдетеді.
Мысалы Түркістан облысы ПД жедел басқару орталығына “Қорғау” бағдарламасы арқылы Mersedes-Benz автокөлігіне дабыл келіп түсті. Онда көліктің 5 миллион теңгеге жуық қарызы бары көрсетілген.
Кезекші дереу патрульдік полиция қызметкерлерін көлік құралын анықтауға және тиісті шаралар қабылдауға бағыттады. Тәртіп сақшылары аталған автокөлікті Шымкент – Самара тас жолында тоқтатып, айыптұраққа қойды. Автокөлік иесімен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қарызды уақтылы төлеу қажеттігі ескертілді.
Жалпы полицейлер 6 ай ішінде “Қорғау” бағдарламасының көмегімен айыппұлын төлемеген жүргізушілердің 500-ден астам көлік құралын анықтап, айыптұраққа қойған. Сондай-ақ 1230 әкімшілік хаттама толтырған.