Түркістан облысының полицейлері із-түссіз жоғалған 4 жасөспірім қызды іздеп тапты, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Отырар аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, жасөспірім қызы үйінен белгісіз бағытқа шығып, жоғалғанын хабарлады. Полицейлер арыз негізінде атқарылуға тиісті шараларды бастап кетті. Тәртіп сақшылары топ-топқа бөлініп, 16 жастағы қызды белгілері бойынша іздестірді. Жедел атқарылған шаралардың нәтижесінде кәмелетке толмаған жасөспірім қыз Шымкент қаласындағы саяжайлардың бірінен табылып, үйіне қайтарылды.
Сондай-ақ дәл осындай арызбен полиция көмегіне Сарыағаш ауданының тұрғыны жүгінді. Ол кәмелет жасына толмаған қызы колледждге оқуына кетіп, содан қайта оралмағанын айтты. Полицейлер жедел әрекет етіп, жас қыздың жоғалған аумағын назарға алып, іздестірді. Нәтижесінде 15 жастағы қызды Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерде таныс қыздарымен бірге жүрген жерінен тауып, анасымен қауыштырды.
Одан бөлек Келес ауданының полицейлеріне жергілікті тұрғын арызданып, ауруханада ем алып жатқан 17 жастағы қызы шығып кетіп, қайта оралмағанын жеткізді. Шұғыл іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары оны да Шымкент қаласында пәтер жалдап тұрған жерінен тауып, отбасына қайтарды.
Ал Жетісай полициясына арызданған әйел 13 жастағы қызы үйінен шығып кетіп, қайта келмегенін жеткізген. Полицейлер жасөспірімді келесі тәулікте Жетісай қаласындағы саябақтардың бірінде жүрген жерінен тауып, жақындарына табыстаған. Полицейлермен аталмыш жасөспірім қыздарға үлкендердің рұқсатынсыз ешқайда шықпау керектігі ескертілді.
Қыздарынан қапияда көз жазып қалған ата-аналар арыз түскен сәттен бастап, жедел әрекет етіп, қызын аман-есен тауып берген тәртіп сақшыларына ризашылығын білдірді. Полицейлер тұрғындарға жақын адамыңызды жоғалтсаңыз, уақыт өткізбестен 102-ге хабарлауға шақырады. Жоғалған адамның ерекше белгілері туралы толық мәлімет бергеніңіз жөн. Өйткені жоғалған адамға қатысты кез келген мәлімет оның дер кезінде табылуына өз септігін тигізеді.