“Мерейлі мекенге 80 жыл!” Дәл осындай атаумен Шымкенттегі Оқушылар сарайында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қосымша білім беру мекемесінің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.
Үлкен мерейтойға ретінде танылып отырған ғылыми-тәжірибелік конференция шәкірттердің жеткен жетістіктері мен ұстаздардың бағындырған белестері жайында бейнероликтен бастау алды. Бағдарламада пленарлық отырыс, шеберлік сыныптары мен секциялық жұмыстар да ұйымдастырылды.
80 жылдық тарихында Оқушылар сарайы 200 мыңнан астам балаға қосымша білім беріп, кәсіби бағдар алуына ықпал еткен. Бүгінгі таңда, мекемеде қосымша білім берудің барлық дерлік бағыты қамтылған. Мұндағы, 124 үйірмеде бес мыңға жуық бала білім алып, бос уақыттарын тиімді пайдалануда,- деп атап өтті жиында сөз алған Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева.
Алдағы уақытта, оқушылардың сұранысы негізінде мобильография, актерлік шеберлік үйірмелерін ашу жоспарланып, қолөнер дәрістерінің санын көбейту көзделіп отыр екен.
Қонақтар жиын барысында «Ұлттық құндылық – ұлы рух» тақырыбында қолөнер және бейнелеу өнері көрмесін тамашалап, түрлі бағыттағы үйірмелерге экскурсия жасады. Сондай-ақ, мекеме тарихы жайында жазылған «Мерейлі мекенге - 80 жыл» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Онда өн бойына талай жылдық тарихты қамтыған оқиғалар мен естелік суреттер желісі баяндалған. Көне шаһардың тағы бір тағлымды ғимараты жетістіктерімен қашанда мақтанады.
14-12-2023, 16:14
Шымкенттегі Оқушылар сарайына - 80 жыл толды!
Фото: Otyrar.kz
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз