2020 жылғы 31 желтоқсанда АҚШ-тың бас преференциялар жүйесінің 119 бенефициар елі үшін, оның ішінде Қазақстан Республикасы үшін де БПЖ қолданылу мерзімі аяқталады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Анықтама: Қазақстан Республикасы 1994 жылғы 4 наурыздан бастап бас преференциялар жүйесінің бенефициары болып табылады.
Бұл дегеніміз, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап АҚШ БПЖ 119 бенефициар елі осы жүйеге жататын тауарларды АҚШ-қа әкелу кезінде кедендік баждардың нөлдік мөлшерлемелері түрінде преференцияларды пайдалана алмайды.
Әкелінетін тауарларға кедендік баждардың мөлшерлемелері ДСҰ-ға қатысушы барлық елдерге бірдей қолданылатын болады.
АҚШ БПЖ бағдарламасының қолданылуын ықтимал ұзарту мәселесі 2021 жылғы 3 қаңтарда жоспарланған АҚШ-тың 117-Конгресінде қаралатын болады.
Айта кететін жайт, АҚШ Конгресінде бағдарламаны ұзарту туралы постфактум шешім қабылдау тәжірибесі бар. Мұндай жағдайда, БПЖ-ға жататын тауарлар бойынша төленген баж экспорттаушыларға қайтарылады.
Осыған байланысты, Экспорттаушылар, бұрынғыдай БПЖ-ға жататын тауарларды БПЖ-ға арналған арнайы бағдарламалық индикатормен - «А» белгісімен таңбалауға тиіс, бұл АҚШ-тың Кедендік және шекаралық бақылау қызметіне баждардың қайтарылуын автоматты түрде өңдеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, сұрақтар туындаған жағдайда экспорттаушыларға ҚР Сауда және интеграция министрлігіне және «QazTrade»Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ға 8 7172 76 88 23 нөмірі немесе zh.makhambetaliyev@qaztrade.org.kz электрондық мекенжайы бойынша хабарласу қажет.