ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының аумақтық және арнайы мақсаттағы бөлімшелерімен бірлесіп, прокуратура органдарының үйлестірумен Алматы облысы Қарасай ауданының аумағында орналасқан жасырын зертхананы жою бойынша ірі операция жүргізді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сітлтеме жасап.
Ұзақ мерзімді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 4 желтоқсанда саяжай үйінің аумағында есірткі зертханасын ұйымдастырған екі ер адам ұсталды, олардың бірі жақын шетелдің азаматы болып табылады.
Үй-жайды тінту кезінде 130 кг прекурсор, зертханалық жабдық (реактор, шыны колбалар, электрондық таразылар, жылу зеңбіректері, тыныс алу маскалары) және шамамен 12 кг дайын мефедрон психотроптық заты тәркіленді.
– Есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындағаны, сақтағаны, сондай-ақ өткізгені үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Естеріңізге сала кетейік, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы аса ірі мөлшерде жасалған бұл қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді, – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.