Семейде учаскелік полицей кішкентай қызды мас адамнан құтқарып қалды. Күдікті азамат УҰИ-ға қамауға алынды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде ер адамның көшеде келе жатқан қызға шабуыл жасағаны жайында видео тарады. Дер кезінде жетіп келген Абай облысының учаскелік полиция инспекторы баланы мас ер адамның қолынан аман алып қалды.
7 желтоқсан күні Семей қаласында учаскелік полиция инспекторы Рымғали Жибраев көшеде шыққан қыздың дауысына дер кезінде ден қойды. Қыздың даусы шыққан жерге жеткен полиция қызметкері азиялық келбеті бар ер адамның 11-12 жас аралығындағы қызды ұстап тұрғанын және үйдің кіреберісіне күшпен кіргізуге тырысып жатқанын көрді. Учаскелік полицей қызды ашулы, мас адамның қолынан босатып, өз жағына тартып, оны қорғайтынын білдірді.
Анықталғандай, бала Семей қаласының мектептерінің бірінің 6-сыныбында оқиды. Қарағайлы шағын ауданының үйлерінің бірінің жанынан өтіп бара жатып, оған белгісіз ер адам пәтерге баруды ұсынған. Жүргізілген медициналық куәландыруға сәйкес ұсталған ер адам “орташа дәрежелі” мас күйінде болған.
Учаскелік полиция инспекторы Рымғали Жибраевтің уақытылы әрекет етуінің арқасында бала зардап шеккен жоқ және ата-анасына тапсырылды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Содан кейін процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Абай облысы полиция департаменті ата-аналарды ерекше қырағылық танытуға және балаларыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті шаралар қабылдауға шақырады.