Мешіт тек құлшылық жасайтын жер емес, сонымен қатар қоғамға, айналамыздағы адамдарға пайдалы болар сауапты іске, қайырымдылыққа үндейтін орын. Мешітке келген әрбір жанға осыны жеткізу парызымыз. Жетісу облысының бас имамы Керімбек Дәуітов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Жетісу облысының бас имамы Керімбек Дәуітовтің айтуынша өңірдегі барлық имандылық үйі қайырымдылық шараларын тұрақты түрде өткізіп тұрады. Демеушілер қаржысымен қатар сауапты іске үлес қосатын жекелеген азаматтар да аз емес.«Еліміздің өзге өңірлері сияқты Жетісу облысында да Мүфтият бекіткен қайырымдылық акциялары үнемі өткізіледі. Атап айтсақ, «Үміт сыйла сәбиге», «Тайқазан», «Жетім көрсең жебей жүр», «Қайырымды жұма» сияқты шаралар бар. Оның аясында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларына, мүгедек жандарға азық-түлік пен киім-кешек, өзге де керек-жарақтар таратылады. Бұған қоса, биыл Египеттегі Ислам мәдениеті университетінде оқып жатқан 3 студентке грант бөлінді. Олар оқуын аяқтаған соң елге оралып, руханият үшін еңбек етеді деп ойлаймын», - деді Керімбек Дәуітов.
Демеушілердің көмегімен имамдарға жалақы төленетін болған.
«Ауылдық жерлердегі мешіттерге жөндеу жүргізу және ол жерде жұмыс істейтін қызметкерлер мен имамдар жағдай жасау бағытында нақты шаралар қолға алынған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тікелей мұрындық болуымен «Уақыт» қоры құрылған болатын. Осы қор арқылы қазір 170-ке жуық имам жалақымен қамтамасыз етілді. Бұған қоса облыс орталығындағы «Иман» мешіті күрделі жөндеуден өтіп, Талдықорған қалалық «Нұр мешіті» мың адамдық орынға кеңейтілді. Әлі де атқаратын жұмыстар бар, оның барлығы алдағы күннің еншісінде», - деді Керімбек Дәуітов.