Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Жиында еліміздің көлік-логистика әлеуетін жүзеге асыру барысында кездесетін стратегиялық сын-қатерлер қарастырылды.
Мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары теміржол, автомобиль, теңіз, әуе көліктері, сондай-ақ құбыр арқылы тасымалдау бағыттарында жиі ұшырасатын проблемаларды шешу үшін атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
➤ Мемлекет басшысы транзиттік жүк тасымалын, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалдау ісін дамытудың өзектілігіне назар аударды. Сондай-ақ отандық өнімдерді экспорттау үшін транспорт әлеуетін ұлғайту маңызды екенін атап өтті. Ол үшін инфрақұрылымдық шектеулер мен басқа да кедергілерді жойып, көлік-логистика қызметінің сапасын арттыру және тариф қалыптастыру жүйесін жетілдіру қажет.
➤ Жиын барысында өнеркәсіп, экспорт және транзит әлеуетін қатар дамыту, инфрақұрылым құрылысының заманауи стандарттарын енгізу және көлік-логистика саласының экономикаға мультипликативті әсерін қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша мән берілді.Кеңес қорытындысы бойынша Президент Үкіметке бірқатар нақты тапсырма берді.