Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Алматы қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция полкінің аға инспекторлары полиция капитаны Қуаныш Әбдікерім және полиция аға лейтенанты Алмасбек Тұрсын Республика күні қарсаңында “Жауынгерлік ерлігі үшін” медалімен марапатталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Патрульдік полицейлерге мемлекеттік награданы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Сәденов табыстады.
Естеріңізге сала кетейік, қылмыс биыл 28 ақпан күні Алматының Алмалы ауданында жасалған болатын.
Патрульдік полиция қызметкерлеріне жедел басқару орталығының кезекшісінен Chevrolet көлігіне адамның күштеп отырғызылғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Бүкіл қала бойынша “Перехват” арнайы жоспары енгізілді.
Аталған көлік Гоголь мен Пушкин көшелерінің қиылысында байқалды.
Ізінен еру нәтижесінде полицейлер көлікті Мақатаев пен Жетісу көшелерінің қиылысында тоқтатты.
Көлікте үш адам болды, олар ұсталды.
Жүксалғыштан тағы бір ер адам табылды, ол көліктің иесі екені белгілі болды.
Ұсталғандардың айтуынша, Chevrolet көлігінің иесі оларды алдап, ірі көлемде ақша алған. Осылайша олар қарызды қайтарып алуға тырысқан.
Ал жәбірленушінің айтуынша, бәрі керісінше. Құтқарылған ер адам тәртіп сақшыларына алғыс білдірді.