Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жантүршігерлік өлімге қатысты үкім шықты. Сотқа тек айыпталушы студент жігіттің туыстары ғана келген. Ұлының жазатайым жағдайдың құрбаны болғанын айтқан әкесі үкіммен келіспей отыр.
“Аппеляцияға береміз. Үкіммен келіспейміз. Алғашында қызға деген сезімі жеңіп, "мен" деп айтып қойған. "Бір рет пышақ сұқтым" деді. Бірақ нақтысын айта алмады. Демек ол емес. Қыз мойындап тұр. Балама көп жыл берді”, - дейді айыпталушының әкесі Құрманәлі Көлжан.
Айта кетейік, студент соттағы соңғы сөзінде әрекетін “жазатайым оқиға, шарасыздықтан барған жағдай” деп түсіндіріп, ғашығына үйленуге рұқсат сұраған болатын. Ал 16 жастағы қыздың заңды өкілі айыпталушының өтініші ақылға қонымсыз екенін айтты. "Неке туралы" Заңға сәйкес жүкті және балалы болған кезде 16 жастан бастап неке қиюға болады. Сонымен бірге қамқоршысыны рұқсаты туралы АХАЖ бөлімінен сұрауға болады. Бұл жерде неке қиюға рұқсат жоқ деп ойлаймын”, - деді қалалық білім бөлімінің бас маманы Мирас Тұрғамбаев. Мемлекеттік айыпталушы студент жігітті 18 жылға және оқиғаның қатысушысы болған оқушы қызды 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
“Айыпталушыға Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ол жазасын қауіпсіздігі жоғары түзету мекемесінде өтейді. Екінші айыпталушыға Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабы бойынша 9 жылға айыру жазасы тағайындалады. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді", - деді судья Алтынбек Сабыров.