Түркістан облысының полицейлері трамадолға қатысты 30-дан астам қылмыстық іс қозғады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Түркістан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес шеңберінде тұрақты түрде жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатыр. Мәселен, жедел уәкілдер Трамадол психотроптық заттардың қатарына қосылмаған кезде, яғни жыл басынан бері 7 сәуірге дейінгі аралықта 7 факті анықтап, 2590 дәрі-дәрмек таблеткасын тәркіледі.
Құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабы (Фармацевтикалық қызмет ережелерін және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ал 7 сәуірден бастап, Үкіметтің қаулысымен Трамадол препараты психотроптық заттардың қатарына енгізіліп, полицейлер оған байланысты 32 қылмыс тіркеді. Барлығы 1342 таблетка мен 20 капсула тәркіледі. Сараптама қорытындысының нәтижелері бойынша сотқа 8 қылмыстық іс жіберілді, ал қалған 24 қылмыстық іс бойынша күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Қазіргі уақытта Трамадол психотроптық затының заңсыз айналымы саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға қарсы күрес жұмыстары жалғасып жатыр.