Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы өзара іс-қимылдардың деңгейін жоғары бағалады.
«Қазақстан мен Қырғызстан ең жақын мемлекеттер. Бізді бөліп тұрған ештеңе жоқ, керісінше елдерімізді біріктіруші факторлар өте көп. Қазақстан үшін Қырғызстан – сенімді одақтас, маңызды стратегиялық серіктес және бауырлас ел», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қырғызстанда болып жатқан оқиғаларды Қазақстанның мұқият бақылап отырғанын, оны қырғыз елінің ішкі мәселесі деп қарайтынын атап өтті.
«Бауырлас қырғыз елінің болашағына алаңдаймыз. Сондықтан Қырғызстанға көмек көрсету үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырамыз. Бұған дейінгі келісімдер негізінде екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамытуды жалғастыра береміз», — деді Мемлекет басшысы.
Руслан Қазақбаев өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа қабылдағаны және Қырғызстандағы күрделі кезеңде қолдау білдіргені, коронавирус пандемиясы кезінде гуманитарлық көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.
«Менің сапарымның басты мақсаты – елімізде болып жатқан ішкі саяси өзгерістерге қарамастан бауырлас қазақ еліне қатысты сыртқы саяси бағдарымыздың өзгермейтінін айқындау. Қырғыз Республикасы бауырлас қазақ елімен арадағы жақсы қарым-қатынастарды қашан да құрмет тұтады және солай қала береді. Еліміздің жаңа басшылығы бауырлас екі елдің түпкі мүдделеріне сай келетін барлық бағыттар бойынша қырғыз-қазақ қатынастарын одан әрі нығайтып, арттыруға ниетті», — деді Қырғыстанның Сыртқы істер министрі.
Президент министрмен кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-транзиттік және су-энергетика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлді.