Жиынға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев, Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті С.Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, Молдова Республикасының Президенті И.Додон, Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон, Армения Республикасының Премьер-Министрі Н.Пашинян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Т.Саркисян, ТМД атқару комитетінің төрағасы – атқарушы хатшысы С.Лебедев қатысты, деп хабарлайды Kazlenta.kz Акорда интернет-ресурсына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың қысқа мерзім ішінде халықаралық аренада маңызды әрі танымал ұйымға айналғанын атап өтіп, еуразиялық интеграция белгілі бір қиындықтарға қарамастан жақсы нәтиже беріп отырғанын айтты.
– Өткен жылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ішкі жалпы өнімінің өсімі 2,5 пайыз болды. Сыртқы сауда көлемі 19 пайызға, экспорт 27 пайызға артты. Одақ ішіндегі өзара сауда-саттық 9 пайызға ұлғайды. Былтыр Қазақстан экономикасы 4 пайыздан астам өсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті осы өсім қарқынын қолдау үшін өнеркәсіпте, энергетикада, халықаралық қызметте және басқа да салаларда орта мерзімді даму перспективасының негізгі бағыттары айқындалғанын айтты.
– Еуразиялық экономикалық одақтың Кедендік кодексі қабылданды. Қызмет көрсету және жұмыс күшінің ортақ нарығы құрылуда. Ұлттық реттегіштен жоғары келісімдер аясындағы әкімшілік рәсімдер жетілдірілуде. Әлемнің 40-тан астам елі Еуразиялық экономикалық одақпен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ниет білдірді. Біздің бірлескен жұмысымыз әлемнің көптеген елдерінің қызығушылығын туғызатынына және келешекте ірі әрі экономикалық қуатты Еуразия құруға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта интеграциялық бірлестіктің алдында тұрған маңызды міндеттерді атап өтті. Оның пікірінше Еуразиялық экономикалық одақтың инфрақұрылымдық мегажобаларын және цифрлық күн тәртібін жүзеге асыру керек. «Астана» халықаралық қаржы орталығының да әлеуетін пайдалану қажет. Сонымен қатар, алда ортақ нарықты дамытып, оны үшінші елдер тарапынан болатын демпингтен, контрафактілік тауарлардан және лас бәсекеден қорғау, тиімді кедендік әкімшілендіруді қамтамасыз ету жұмыстары тұрғанын айтты.
– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жедел темір жол және «Еуразия» су арнасын салуды ұсынды. Бұл жобалар еуразиялық интеграцияның символы болып, елдеріміздің экономикасының дамуына тың серпін беріп, Үлкен Еуразиямен байланысты нығайтар еді. Нәтижесінде мемлекеттеріміз Шығыс-Батыс-Шығыс транзиті үшін бәсекеге қабілетті әрі тартымдырақ болады, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тауарлардың жаңа нарыққа шығуын қамтамасыз етуге, саудадағы және транзиттегі кедергілерді жоюға бірлесіп күш бағыттау керек екенін айтты.
Қазақстан Президенті сөзінің соңында жиын қорытындысы табысты ынтымақтастықтың іргесін бекітіп, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің серіктестігін нығайтатынына сенім білдірді.