Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Абай облысында орман өртінен қаза болған тұрғындардың балаларына 10 грант бөлді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Университет ректоры Саламат Идрисовтың айтуынша, қаза тапқан жандардың балаларына қол ұшын созу көзделіп отыр.
«Қызметтік міндетін атқару кезінде 14 адамның құрбан болғаны баршамызға ауыр тиді. Халқымыздың қанында қиналған отбасыларға қол ұшын созып, балаларының жетілуіне қамқорлық таныту секілді ізгі қасиет бар. Біздің университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен «Семей орманы» мекемесінің өрттен құрбан болғандар мен зардап шеккен қызметкерлерінің балалары үшін 10 білім гранты бөлінді. Абай облысындағы сондай отбасылардың Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне «Жоғары оқу орнына қабылдаудың үлгілік қағидалары» талаптарына сай қабылданады. Олар университетке оқуға түскен жағдайда жатақханамен тегін қамтамасыз етіледі», – деп хабарлады Саламат Идрисов.
Оның айтуынша, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма құрамы, ғылыми кеңесінің мүшелері, профессор-оқытушылары зардап шеккендерді материалдық қолдау мақсатында 1 күндік еңбекақысын арнайы қорға аудару туралы шешім қабылдады.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау университеттері Түркияда оқитын қазақстандық студенттерді қабылдауға дайын екенін хабарлаған болатынбыз.
Мұнайлы өңірдегі Х.Досмұхамедов атындағы және С.Өтебаев атындағы мұнай және газ университеттерінің басшылары осындай шешім қабылдаған еді. Түркиядағы төтенше жағдайға байланысты сол елде оқитын Қазақстан студенттеріне білімін жалғастыруға мүмкіндік берді.