Астанадағы өрт кезінде өз өмірін құрбан етіп, азаматтарды құтқарып қалған марқұм өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің отбасы үшін білім гранттары бөлінді. Бұл туралы Жоғары білім және ғылым министрлігі Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады, деп жазады kazlenta.kz
Ғылым және жоғары білім министрлігі Асқар Забикулиннің отбасына және жақындарына қайғыра көңіл айтады. Ол қызметтік борышын орындау және адамдардың өмірін құтқару кезінде жанқиярлық және батырлық танытты. Өрт сөндірушінің қазасына байланысты жоғары оқу орындары басшыларына Асқар Закибулиннің отбасы үшін гранттар бөлу мүмкіндігін қарастыру тапсырылған болатын. Қазіргі уақытта екі отандық ЖОО грант беруге дайын екенін білдірді.
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Асқар Забикулиннің балаларына орта мектепті бітіргеннен кейін кез келген бакалавриат мамандықтарында ЖОО грантында оқуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ балалары 2023 жылы жазда университеттің жатақханасында тұрып, IT-лагерьге және жазғы тілдік мектепке қатыса алады. Әйелі Анель Забикулина үшін "Адам ресурстарын басқару" мамандығы бойынша МВА-да оқуға грант бөлінді", - делінген министрлік хабарламасында. Сонымен қатар ведомство батырдың жұбайы үшін МВА бағдарламасы бойынша оқу үшін AlmaU да толық грант бөлгенін атап өтті.
Еске сала кетейік, 16 қарашада Астанада көпқабатты тұрғын үйдің 11-қабатында орналасқан пәтерден өрт шығып, бірнеше адам ауруханаға түскен болатын. Олардың арасында отқа оранған пәтерден өмірін қатерге тігіп, бес адамды құтқарған өрт сөндірушілер де бар. Кейін өрт сөндірушілердің бірі - Асқар Забикулиннің жағдайы ауыр екені, екінші науқастың жағдайы орташа дәрежеде екені белгілі болды. 20 қарашада Төтенше жағдайлар министрлігі дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасағанын, алайда Асқар Забикулиннің өмірін сақтап қала алмағанын жеткізді. Бүгін жақындары мен әріптестері, достары марқұмды ақтық сапарға шығарып салды.
23-11-2022, 14:29
Асқар Забикулиннің отбасы үшін білім гранттары бөлінді
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз