ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов АҚШ Сауда министрінің Еуропа және Еуразия бойынша көмекшісінің орынбасары Дэвид Де Фалькомен кездесті, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Оның барысында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты дамытып, нығайту мәселелерін талқылады. А.Ыдырысовтың айтуынша, елімізде сирек кездесетін және сирек жер металдарының, сондай-ақ басқа да минералды шикізаттың айтарлықтай қоры бар. Сонымен қатар вице-министр Қазақстанда инвесторлар жер қойнауын игеруге құқық беретін аукциондарға қатысу арқылы қатты пайдалы қазбаларды өндіре алатынын жеткізіп, бұл бағыттағы жұмыс жан-жақты пысықталып жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде Құрама Штаттардың ресми өкілі ҚР ИИДМ мен АҚШ-тың Геологиялық қызметі (USGS) арасында жасалған өзара түсіністік туралы меморандумның аясында пайдалы қазбаларды өндіру, геология және минералды ресурстар саласындағы ынтымақтастық тереңдей түсетініне сенім білдірді. Бұл құжатқа АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің биыл ақпандаҚазақстанға жасаған ресми сапарында қол қойылғанын айта кеткен орынды.
Сонымен қатар А.Ыдырысов еліміздің Орталық Азия аймағында көлік-транзиттік әлеуетті дамытып, көлік дәліздерін жаңғырту бойынша ауқымды жұмысты қолға алғанын айтты.
Бұдан бөлек Д.Фалько инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік маршрутының жекелеген жобалары бойынша америкалықтардың ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екендерін жеткізді.
Кездесудің қорытындысы бойынша екі жақіскерлік әңгімеге ризашылықтарын айтып, Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасын одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.