Сәуірде Қазақстан мұнайын Ақтау портынан экспортқа тасымалдау көлемі 2023 жылдың наурыз айымен салыстырғанда 60,5 тоннаға немесе 24%-ға өсті. Осылайша жалпы көлем - 312,6 мың тоннаны құрады, оның ішінде Теңіз кен орнынан 115 мың тонна, 19,2 мың тонна Доңға кен орнынан және 178,3 мың тонна Бозашы түбегінің кен орындарынан жөнелтілді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Самұрық-Қазына» қоры баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан мұнайын Ақтау портынан экспортқа тасымалдау көлемінің өсуі Баку порты бағытында жөнелтілетін шикізат көлемінің 2023 жылдың наурызымен салыстырғанда 87 мың тоннадан 152,4 мың тоннаға немесе 75% ұлғаюы есебінен болды.
Сонымен қатар, есепті кезеңде Ақтау портынан Махачкала порты бағытында 160,2 мың тонна мұнай жөнелтілді.
2022 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалдау көлемін арттыруды тапсырды.
Осы тапсырмаға сәйкес «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзербайжан Республикасының SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы Теңіз кенішінен «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағыты бойынша жылына 1,5 млн тонна мұнай тасымалдауды көздейтін келісімге қол қойды.