Қазақстанның бастамасы бойынша Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 2023 жылғы 15 ақпанда онлайн режимде өткен кезекті отырыста жеке автокөлікті SOS батырмасымен міндетті жарақтандыруды қолданысқа енгізу мерзімін 1 жылға ұзартты, деп хабарлайды kazlenta.kz Zakon.kz сайтына сілтеп.
Отырыста Қазақстан тарапын премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин басқарды.
ЕАЭО елдерінің аумағына әкелінетін N және M (жүк және жолаушы) санатындағы жеке автокөлікті шұғыл және жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен (SOS батырмасымен) жарақтандыру жөніндегі талаптар Кеден одағының техникалық регламентінде айқындалған.
2024 жылғы 1 ақпанға дейін ЕАЭО елдерінің осы санаттағы көлік құралдарының ресми импорттаушылары мен өндірушілері осы міндеттемелерден босатылған еді. Бұл ретте осы санаттағы көлікті өз қажеті үшін сатып алған азаматтарға бұл ұзарту қолданылмады, олар үшін 2023 жылғы 1 ақпанға дейін өтпелі кезең көзделген.
Автокөлік иелерінің қондырғының қымбат болуына (шығарылған жылына байланысты кедендік тазарту құнының шамамен 25%-ы), микросхемалардың тапшы болуына және SOS түймелерін дайындауға арналған жиынтықтауыштардың болмауына қатысты өтінішін назарға ала отырып, Қазақстан міндетті жарақтандыру мерзімін бір жылға ұзарту мәселесін көтерді.
ЕЭК Кеңесінің мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Енді ЕАЭО елдерінің аумағына өз қажеті үшін әкелінетін M және N санаттағы көлік құралдары 2024 жылғы 1 ақпанға дейін шұғыл және жедел қызметтерді шақыру жүйелерімен міндетті жарақтандыру талабынан босатылады.
Сонымен қатар өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техниканың қағаз паспорттарын электрон түріне ауыстыру тағы бір ұзартылды. ЕЭК Кеңесінің 2023 жылғы 25 қаңтардағы тапсырмасы бойынша І жартыжылдықта электрондық паспорттар жүйелерінің жаңа архитектурасын және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер жүйелері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл алгоритмін әзірлеу қажет, ал 2022 жылы белгіленген өтпелі кезең мерзімі 2023 жылғы 1 сәуірде аяқталады.
Осылайша бұрын қабылданған шешімдер ЕАЭО аумағында өздігінен жүретін және басқа да техниканың айналыс еркіндігіне әсер етпеуі үшін ЕЭК Кеңесі 2023 жылғы 30 маусымға дейін электрон паспорттарды ресімдеу бойынша өтпелі кезеңнің аяқталу мерзімін ауыстыру туралы шешім қабылдады.