Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы президентке комитеттің 2022 жылғы атқарған жұмыстарының негізгі қорытындысы және алдағы кезеңге арналған жоспары туралы баяндаған. Ермек Сағымбаев былтыр арнаулы қызметті реформалау және оның жұмысын жандандыру жөніндегі президент тапсырмасының орындалғанын жеткізді.
Оның айтуынша, террористік қатерлерді азайту үшін алдын алу жұмыстары жүргізілді. 3 террорлық актіге дайындық кезеңінде тосқауыл қойылды. Кезектен тыс президенттік сайлау кезінде жаппай тәртіпсіздікті жоспарлаған радикалды топ жойылды. Лаңкестік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 56 адам сотталды. Терроризм мен діни экстремизмге қатысы бар 134 шетел азаматының елге кіру әрекетінің жолы кесілді.
Сондай-ақ мемлекет басшысына құқық қорғау органдарымен бірлесіп, еліміздегі криминогендік жағдайды айтарлықтай жақсартқаны туралы мәлімет берілді. Аса қауіпті 15 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталып, олардың 56 басшысы және белсенді мүшелері ұсталды. 1 100-ден астам қару, 598 граната және 31 860 оқ-дәрі заңсыз айналымнан шығарылды. Тәркіленген қарудың жартысына жуығы қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған. Есірткіге қарсы 130 операция жүргізілген.
1,3 тонна әртүрлі есірткі тәркіленген. Шетелдік серіктестермен бірге 96 халықаралық және өңірлік есірткі жеткізу арнасы тоқтатылды. Синтетикалық есірткі өндірісімен айналысқан 28 зертхана жойылды. 32 заңсыз көші-қон арнасының жолы кесіліп, оларды ұйымдастырушыларға қатысты 12 қылмыстық іс қозғалды.
Одан бөлек, мемлекеттік құпияларды қорғау жүйесін дамыту жөнінде кешенді шаралар іске асырылды. ҰҚК техникалық қызметтері аса маңызды инфрақұрылым объектілеріне жасалған 341,8 миллион кибер және 2 954 DDoS-шабуылға тоқсауыл қойды. Мемлекеттік шекараны бұзған 15 603 адам ұсталды. Шекара арқылы құны 21,9 миллиард теңге болатын валюта, алтын және өзге тауарларды заңсыз өткізуге жол берілмеді. Кездесу соңында мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік органдары қызметінің бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
20-01-2023, 14:45
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Тоқаевтың қабылдауында болды
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз