Тергеуді жүргізген Жетісу облыстық экономикалық тергеу департаменті есепшінің бюджет қаражатын бір жылдан аса уақыт көлемінде құмар ойынға жұмсап келгенін мәлімдеді. Ол ақшаны өзінің банктік картасына аударып, кейін букмекерлік жеке кабинетіндегі шотына салып отырған. Қазір 1995 жылғы ер адам қамауда отыр. 28 жастағы айыпталушы кінәсін толықтай мойындады.
"Балалар ауруханасының айлық жалақы жөніндегі есепшісі 2021 жылдың наурызынан 2022 жылдың тамызына дейін аурухана қызметкерлерінің жалақысына, зейнетақы жарналарына және дәрі-дәрмекке қарастырылған қаражатты жүйелі түрде банктегі есепшоты арқылы аударып алып отырғаны анықталды. Жалпы, бір жылдан аса уақыт көлемінде аударған сомасы – 116 млн теңге. Іс бойынша оның жасаған әрекеті ауыр қылмысқа жатады. 7-12 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы көзделген", - деді Жетісу облыстық экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Аслан Бидасов.