Оралда оннан астам сот отырысы болып, екі жылға созылған "Кублей" зауытына қатысты даулы іске нүкте қойылды, деп хабарлайды "7-арна" .
Телеарнаның мәліметінше, соңғы сот отырысы 3 сағатқа созылған. Тараптар отырыс барысында сөз таластырып, әр тарап өз шындығын дәлелдеуге тырысқан. Зауыт адвокаты Бақытжан Базарбек сот отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің үйлердің заңсыз салынғаны жөнінде ресми шешімін таныстырған. "Біз заңның негізіне сүйенеміз, себебі "Кублей зауыты" бұрыннан бар және оның санитарлық аумағы анықталған әрі бекітілген. Ал мына үйлер 2020 жылы пайда болды, бірақ сотқа келіп байбалам салып жүрген адамдар заң бойынша пәтерлердің иесі емес. Меншік құқығы азаматтық кодексте жылжымайтын мүлік заңды тіркеуге алынған соң ғана беріледі", - деді ол.
Десе де, телеарна дерегіне сай, әкімдік тарапы аталған айыптауларды жоққа шығарып отыр. Айтуларынша олар 2019 жылы қаланың егжей-тегжейлі өзгертілген жоспарына сай жұмыс істеген. Бұған қоса әкімдіктен бөлек, істе үшінші тарап, қауіпті аймақтан үй сатып алған тұрғындар сотта өз ойын айтты. "Жүргенімізге екі жыл болды. Бұл проблемалардың созылып жатқанына екі жыл. Мен соттан "Кублей" талабын қанағаттандырмауды сұраймын. Бұл іске нүкте қойылуы керек", - деді сотта сөз алған пәтер иелерінің бірі. Осылайша, бірінші инстанция істі қайта қарап, зауыттың талабын қанағаттандырмады. Еске салсақ, "Кублей" ет өңдеу зауытына қатысты дау, 2020 жылы кәсіпорын маңына, санитарлық аймақта 4 көпқабатты үй салуға рұқсат бергеннен басталған еді. Бүгінде құрылыс компаниясы 100 пәтерлі 4 үй тұрғызып, соның екеуіне тұрғындарды қоныстандырып үлгерген. Енді бұл үйлер сүрілмейтін болды. Ал "Кублейде" нан тауып отырған 750 жұмысшы далада қалып, еліміздің жалғыз консерві зауытына жабылып қалу қаупі төніп тұр, дейді телеарна тілшілері.
28-12-2022, 15:26
Оралда "Кублей" зауыты мен әкімдік арасындағы дауға қатысты сот шешім шығарды
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз