Еліміздің жылу және электр энергиясын өндіру және тарату кәсіпорындарындағы жалақы жиырма жыл ішінде өзгерген жоқ, деп мәлімдеді Қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағының төрағасы Оразбек Бекбас.
Оның пікірінше, Қазақстанның энергетиктері жалақы деңгейі мен кәсіптің беделі бойынша ТМД елдері арасында ғана емес, елдегі өндірістік кәсіпорындар арасында да тізімнің соңында. Энергетиктердің жалақысы ел бойынша 6,86% - ға төмен.
- Нәтижесінде, бұл кадрлардың жалақысы жоғары басқа салаларға, тіпті көрші мемлекеттерге де кетуіне алып келеді. Мысал ретінде, көрші елдердегі энергетиктердің жалақысы жалпы елдегіден 21%-ға жоғары. Беларусь Республикасында бұл көрсеткіш 28%, ал Қырғыз Республикасында - 44%-ға жоғары, - деп атап өтті Бекбас.
Сарапшы негізгі қорлардың орта есеппен 60% - ға дейін тозуы кезінде ел экономикасы үшін негізгі саладағы кадрлардың тұрақтамауы электр станцияларының тоқтап қалуына қауіп төндіреді деп қауіптенеді.
Оның айтуынша, жылу энергетикасы мамандықтарына түсетін талапкерлер саны жыл сайын азайып келеді. Кәсіпорындар зейнеткерлік жасқа жеткен мамандарды ұстауға мәжбүр.
Бұдан басқа, жабдықтардың тозуына байланысты технологиялық сипаттағы бұзушылықтардың өсуі байқалады (өткен жылы 4 мыңнан астам заң бұзушылық жасалды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 11% -ға көп). Бектас атап өткендей, өндірістегі жазатайым оқиғалардың (22 жағдай) өсуі алаңдаушылық тудырады, солардың кесірінен 14 адам қайтыс болды.
- Өкінішке орай, біздің энергетиктерге жалақыны көтеру мәселесі бойынша Үкіметке, Парламентке, Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика министрліктеріне бірнеше рет жасаған өтініштеріміз шешімін таппады. Бұл тығырықтан шығудың бір жолы – энергетиктердің жалақысын өңірлердегі орташа деңгейге дейін бір мезетте көтеру, мұны тариф бекітілген кезде ғана жасауға болады, - деп санайды салалық кәсіподақ басшысы.