2023 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда әйелдердің зейнет жасын ұлғайтуға бес жылға мораторий енгізіледі. Бұл туралы толығырақ құзырлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсіндіріп берді, деп хабарлайды kazlenta.kz
Қазақстанда зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар кешені әзірленді. Атап айтқанда, әйелдердің зейнеткерлік жасын 61 жас деңгейінен әрі қарай арттыру жоспарын тоқтату көзделген. Мораторий бес жыл бойы күшінде болады: 2023 жылдан 2028 жылға дейін. Еске салайық, 2018 жылдан бастап елімізде әйелдердің зейнет жасы жыл сайын алты айға ұлғайып келеді. 2022 жылы ол 60,5 жыл болды. 2023 жылы ол 61 жасты межелейді.
Зейнеткерлік жастың біртіндеп ұлғаюы елдегі орташа өмір сүру ұзақтығының болжамды жоғарылауына негізделіп отыр. Егер 2009 жылы бұл көрсеткіш 73,3 жыл болса, 2019 жылдың өзінде 77,3 жыл болды. Алайда 2020 жылы коронавирус инфекциясына байланысты өмір сүру ұзақтығы қысқара бастады. Ковид-19-дың азаматтардың денсаулығына кері әсерін ескере отырып, зейнеткерлік жасты ұлғайтуға мораторий енгізу туралы шешім қабылданды. Еңбек министрлігі атап өткендей, алдағы бес жылда елімізде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар шаралар қолға алынады.
Ауыл медицинасына, сондай-ақ қазақстандықтардың денсаулығын түзеуге және қолдауға бағытталған оңалту орталықтары желісін құру мен кеңейтуге ерекше көңіл бөлінеді. Оларды жүзеге асыру, мамандардың пікірінше, азаматтардың денсаулық жағдайы, оның ішінде орташа өмір сүру ұзақтығы көрсеткіштері жақсартады. Биылғы жылдың қазан айының соңында парламент мәжілісінің депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасында әйелдердің 2028 жылға дейін 61 жаста зейнетке шығу құқығын бекітетін тармақ бар.
Қазір құжатты ҚР Парламенті Сенатының депутаттары қарауда. Заң жобасында сондай-ақ 2023 жылдан 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақыны кезең-кезеңмен 54-тен 70 пайызға, ең жоғарғыны – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100-ден 120 пайызға дейін арттыру қағидаттары қарастырылған. Осы уақыт аралығында базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51 пайызға дейін өседі деп жоспарлануда. Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жылдық өсімі шамамен 13 пайызды құрайды. Бұл Қазақстандағы барлық 2,2 миллион зейнеткерге және де 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі бар болашақ зейнеткерлерге әсер етеді. Сонымен қатар заң жобасында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлікке шығатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшерін 46 айлық есептік көрсеткіштен 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру қарастырылған.
Осының барлығы 2025 жылға қарай зейнетақының жалпы көлемін орта есеппен 27 пайызға – үш жыл ішінде 109-дан 138 мың теңгеге дейін арттыруға жол ашады. Сондай-ақ зейнетақының жалпы көлеміндегі мемлекеттік төлемдердің үлесінің артуына әкеледі. Осылайша, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі жаңа шаралар кешені еліміздегі бүгінгі ғана емес, болашақ зейнеткерлерді де жеткілікті зейнетақымен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Анықтама үшін: қазіргі уақытта Қазақстанда көп деңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасты және жұмыс істейді. Оған базалық және ынтымақты зейнетақылар, сондай-ақ қызметкердің зейнетақы жинақтарынан қалыптасатын БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемі кіреді.
14-11-2022, 09:30
Елімізде әйелдердің зейнет жасын ұлғайтуға мораторий енгізіледі
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз