Жамбыл облысы Талас ауданына арнайы келген Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков облыс аумағында Президент Қ.Ж. Тоқаевтың биылғы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауынан туындайтын міндеттердің орындалу барысымен танысты.
Алдымен Тамды ауылдық округіндегі Қойгелді орта мектебіне бағыт бұрған Бекболат Серікбекұлы ондағы құрылыстың қарқыны мен сапасына назар аударды.
Жалпы, күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 110 млн. теңге қарастырылған. Құрылысқа жауапты «Бриллинт Сапа» ЖШС-і алғашқы кезекте ғимараттың шатырын жауып, одан соң жылу құбырларын жаңартпақ.
Мектептің ішін аралап, жұмыстың баяу жүріп жатқанын сынға алған Сенат депутаты серіктестік өкілдеріне жаңа оқу жылына дейін құрылыстың негізгі бөлігін аяқтауды тапсырды.
Мұнан соң Б.Орынбеков Қаратау қаласындағы жетпіс жылға жуық тарихы бар Д.Қонаев атындағы орта мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарын көріп, баға берді. Мұнда тиісті міндеттердің 95 пайыздан астамы орындалған. Ішкі сыртқы сылақ, жылу құбырлары, сылау, еден жаңарту жұмыстары толығымен аяқталған. Құрылысқа негізінен жергілікті тұрғындар тартылған. Жөндеу жұмыстарын дер кезінде аяқтап, тамыз айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы «ТаразЭлитСтрой» ЖШС-нің өкілі Үсен Оқабеков айтып берді.
Сонымен қатар, Б.Орынбеков Б.Момышұлы көшесі бойындағы жылу жүретін құбыр жолының құрылыс сапасын арнайы көрді. Көше арқылы 260 метрге 273 диаметрлік жылу құбыры тартылып жатыр. 61 млн. теңгеге жобаланған нысан жұмысының бүгінде 70 пайызы аяқталған.
Бекболат Серікбекұлы ауданға жасаған жұмыс сапарын Есейхан ауылында қорытындылады. Ондағы жаңадан бой көтеріп жатқан 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияны көріп, құрылысқа жауапты «Ник-Тараз» ЖШС-нің өкілдерімен кездесті.
- Қазір негізгі жұмыстар аяқталды. Енді тек мекеме айналасын абаттандыру ісі, медициналық жабыдқтарды жеткізу, орналастыру және ауыз су тарту ғана қалды. Ғимаратты ауыз сумен қамту оңай болмай тұр. Қазір арнайы аппаратпен бұрғылауды бастадық, - деген мердігер мекеме өкілдері барлық екі апта көлемінде толық бітіретіндігін жеткізді.
Тау аймағында орналасқан ауылдың табиғат жағдайы құбылмалы келетіндігін алға тартқан Сенат депутаты ғимаратты жылумен қамту жүйесіне және құрылыс жұмысының сапасына мықтап көңіл бөлуді ескертті.