Ақмолалық полицейлер еркін мал жайылымынан жоғалып кеткен жылқы табынын ауыл тұрғынына қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Костычево ауылы тұрғынының мал басын жоғалту туралы өтініші 28 мамырда Жарқайың ауданының полиция бөліміне келіп түсті. Ауыл тұрғыны бір күнде 21 бас жылқы жоғалтқанын хабарлады: жануарлар еркін жайылымнан оралмаған. Белгілі болғандай, мал екі күн бұрын жоғалған, бірақ алғашында иелері іздеуді өздері жүргізген, кейін полиция қызметкерлерінен көмек сұрауға шешім қабылдаған. Ер адам шығынды 6,5 млн теңгеге бағалады.
Өтініш түскеннен кейін полицейлер ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 4-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады. Жоғалған табынды ұйымдасқан түрде іздеу үшін полиция бөлімі басшылығының тапсырмасы бойынша жедел бөлімшелер қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторларынан бірнеше топ құрылды.
Топ құрамына тәртіп сақшыларынан басқа өтініш беруші, оның туыстары мен жанашыр азаматтар да кірді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, 2 маусымында полиция қызметкерлері жоғалған жануарларды жоғалған жерден 50 шақырым қашықтықта, Далайбас ауылдық округінің Ақтөбе бөлімшесінің жанынан тапты. Жылқы басы түгелімен заңды иесіне тапсырылды.
Полиция қызметкерлері тағы да азаматтардан малдың жоғалмауына жауапкершілікпен қарауды сұрайды. Себебі көп жағдайда малды еркін жаю, меншік иелерінің жайылым орнын бақыламауынан ұрлық немесе жоғалу орын алады.
Мал ұрлығын “ізін суытпай” ашуға немесе іздестіру іс-шараларын ұйымдастыруға тағы бір кедергі – иелерінің полицияға уақытылы жүгінбеуі, иелері өз бетінше бірнеше күн бойы іздейді, содан кейін ғана ішкі істер органдарынан көмек сұрайды.Тәртіп сақшылары мал шаруашылығы иелеріне міндетті түрде мал басын таңбалау және биркалау, ұжымдық мал жаюды ұйымдастыру және үш жақты хаттамалар жасау туралы ескертеді.