Бүгін Alstom зауытынан ҚР Үкіметінің қолдауымен экспортқа 40-шы жүк локомотиві жөнелтілді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
2021 жылғы қазанда ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Alstom компаниясының Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия аймағы бойынша президенті Эндрю ДеЛеоне Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
2014 жылы Alstom Нұр-Сұлтан қаласында шығарылатын 40 Prima T8 AZ8A ауыр салмақты локомотивтерін қоса алғанда, 288 млн еуро сомасына 50 электровоз жеткізуге келісімшартқа қол қойды.
Prima T8 локомотиві — аймақтық теміржол қатынасын дамытуға ықпал ететін әлемдегі ең қуатты электровоздардың бірі. Электровоздардан басқа, Әзербайжанға рельстер де жеткізіледі.
Қазақстан – Еуропаны, Таяу Шығысты, Азия мен Ресейді жаңа Жібек жолы арқылы байланыстыратын маңызды көлік торабы. Ұзындығы шамамен 21 000 шақырым болатын Қазақстанның теміржол желісі әлемдегі көлемі бойынша үшінші желі және техникалық қызмет көрсету жұмыстары үшін маңызды нарық болып табылады. Сонымен қатар Қазақстанның Әзербайжанмен өзара саудасы 2021 жылы $332,2 млн құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 3 есе жоғары.
Жалпы, Қазақстаннан Әзербайжанға экспорт 2021 жылы 3,4 есеге өсіп, $287,9 млн құрады. 2021 жылы Қазақстанға Әзербайжаннан импорт 77,3%-ға өсіп, $44,4 млн құрады.
Өңделген тауарлар экспортын белсенді ілгерілету үшін Сауда және интеграция министрлігі қазақстандық өндірушілерге экспорттық акселерация бағдарламасы, Alibaba платформасына шығару, сауда-экономикалық миссиялар арқылы жан-жақты қолдау көрсетеді, сондай-ақ толық консультациялық-сараптамалық қолдау көрсетеді.
2022 жылы экспорттық акселерация бағдарламасы аясында қазақстандық өндірушілер мен қызмет көрсетушілердің Әзербайжан нарығына шығуы жоспарланған. Аталған құрал қосымша экспорт көлемін арттыруға, сондай-ақ жаңа қазақстандық тауарларды Әзербайжанға шығаруға мүмкіндік береді.