Түркістан облысында тұрғындарды алдаған ер адам екі жарым жылға бас бостандығынан шектелді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам ауданы Полиция басқармасының аға тергеушісі алаяқтықпен айналысқан 29 жастағы ер адамның кінәсін айқындап, жинақталған іс-құжаттарын айыптау актісімен сотқа жолдады. Нәтижесінде, сайрамдық тұрғын ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, Сайрам ауданының сотымен екі жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан шектелді.
Сайрам АПБ-ға 2021 жылдың маусым айында жергілікті тұрғын арызданған. Әйелдің айтуынша, оны сырттай танысы алдаған. Яғни күдікті ер адам әйелге 2020 жылдың қараша айында “шаштараз оқу курсының” сертификатын рәсімдеп беретінін айтып сендірген. Содан құжаттарын, 30 мың теңге ақшасын алған, арадан бір жылға жуық уақыт өтсе де уәдесін орындамаған. Не сертификат әпермей, не ақшасын қайтармай әбігерге салған.
Сонымен қатар полицияға тағы бір тұрғын шағым түсіреді. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оны да жоғарыда аталған жігіт алдаған. Сертификат әперемін деген желеумен 15 мың теңгесін алған. Дегенмен нәтиже болмаған.
Сайрам АПБ полицейлері әйелдерге “сертификат алып бермек болған” ер адамның жеке-басы мен тұрғылықты мекен-жайын анықтап, дәл сол күні ұстады. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін күдікті Полиция басқармасына жеткізілді. Яғни күдікті жәбірленуші келіншектердің сеніміне кіріп, сертификаттауға көмек көрсету үшін алаяқтық жолмен алдап ақша алған, содан кейін қаражатты өз қажеттілігіне жұмсап жіберген.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды кез келген күмәнді ұсыныс айтқан адамға сенбеуге шақырады. Мәселеңізді заң аясында шешуге дағдыланыңыз!