Қарағанды облысында жыл басынан бері полицейлер жоғалған 322 бас малды тауып, иелеріне қайтарды. Алайда малдың жоғалуының бәрі бірдей ұрлыққа байланысты емес. Кей жағдайда төрт түліктің қараусыз қалуы мен иелерінің салғырттығы да осындай жағдайларға себеп болып отыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жыл басынан бері полицияға мал ұрлығы бойынша 80 арыз түскен. Жүргізілген іздестіру шаралары барысында 53 жағдайда жоғалған малдың орны анықталды. Нәтижесінде барлығы 322 бас мал табылды. Сонымен қатар полицейлер мал ұрлығының 15 дерегін ашып, ұрланған 86 бас малды иелеріне қайтарды. Қылмыс жасады деген күдікпен 11 адам ұсталып, алты қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды.
Мал ұрлығының алдын алу және оның жолын кесу мақсатында полиция мал тасымалына бақылауды күшейтті. 25 қыркүйектен бастап облыстық және республикалық маңызы бар автожолдарда 19 жылжымалы блокбекет жұмыс істеп тұр. Онда полицейлер мал тасымалдайтын көліктерді тексеріп, тасымалдың заңдылығы мен қажетті құжаттардың болуына ерекше назар аударады. Бұл шараның тиімділігі бұған дейін де дәлелденген. Өткен жылы жылжымалы блокбекеттердің көмегімен Ақмола облысының аумағында ұрланған 40 бас жылқыны айдап әкету дерегі ашылды. Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров малдың жоғалуына кейде иелерінің өздері де себеп болатынын атап өтті.
Полиция мал ұрлығының алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жалғасатынын еске салады. Сонымен қатар тұрғындарды малды қараусыз қалдырмауға, жайылым мен қорадағы қауіпсіздікке мән беруге шақырады. Өйткені қарапайым сақтық шаралары малдың жоғалуының алдын алып қана қоймай, полицияның басқа да маңызды міндеттеріне күш жұмылдыруына мүмкіндік береді.