Елордада жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер есірткі заттарын сақтады және таратты деген күдікке ілінген 19 жастағы қызды анықтап, ұстады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Күдікті тұрғын үйдің кіреберісінде ұсталды. Кейін оның жалға алған студиялық пәтеріне тінту жүргізілді. Ас үйдегі шкафтан ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған пластик ыдыс табылды. Одан бөлек, бөлмедегі аяқ киім қорабының ішінен дәл осындай зат салынған тағы бір ыдыс, сондай-ақ 300-ден астам түйіншек пен есірткі заттарын өлшеп, орауға арналған құрал-жабдықтар тәркіленді. Тәркіленген заттың жалпы салмағы шамамен бір келіні құрады.
Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған зат мефедрон болып шықты. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша қыз есірткі заттарын сақтап, кейін оларды одан әрі тарату үшін басқа тұлғаларға беріп отырған. Қазіргі уақытта құқыққа қайшы әрекетке қатысы болуы мүмкін өзге де тұлғалар анықталып жатыр.