Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің кезекті отырысы онлайн форматта өтті. Жиында ЕАЭО-ның басқа елдермен сауда байланысын дамыту, техникалық реттеу, тауарлардың шығу тегін анықтау және өндірушілердің мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қаралды. Қазақстан делегациясын Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин басқарды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыста қабылданған маңызды шешімдердің бірі - ЕАЭО аумағынан тыс елдерге экспортталатын және арнайы реттеу шаралары қолданылатын тауарлардың қай елде өндірілгенін анықтаудың бірыңғай ережелерін бекіту болды. Жаңа ережелер ЕАЭО-ға мүше бес мемлекетке ортақ болмақ. Онда тауардың өндірілген елін анықтау, оны құжатпен растау және кеден органдарының өзара ақпарат алмасу тәртібі белгіленген.
Бұл өзгерістер экспортталатын тауарлардың шығу тегін бақылауды жеңілдетуге, бір елде енгізілген шектеулерді ЕАЭО-ның басқа мемлекеттері арқылы айналып өтуге жол бермеуге және отандық өндірушілердің мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді. Тауардың шыққан елін растау үшін арнайы сертификаттар қолданылады. Мұндай құжаттарды тұрақты түрде шығарылатын өнімдерге де рәсімдеуге болады. Сонымен қатар, сертификаттарды электронды түрде растау және тексеру мүмкіндігі қарастырылған.
Отырыста электротехникалық өнімдердің, жарықтандыру жабдықтары мен баспа схемаларының жекелеген түрлерін таңбалау жөнінде де келісімге қол жеткізілді. Олардың қатарында электр тоғын түзеткіштер, тасымалды электр шамдары, қыздыру шамдары, жарықтандыру құрылғылары және басқа да өнімдер бар. Алайда бұл барлық елде таңбалау бірден енгізіледі дегенді білдірмейді. ЕАЭО-ға мүше әр мемлекет таңбалауды енгізу қажеттілігін, мерзімі мен тәртібін өзі шешеді. Ол үшін алдымен кәсіпкерлермен талқылау жүргізіліп, қажетті инфрақұрылымның дайындығы бағаланады.
Сонымен қатар, отырыста ЕАЭО-ның басқа елдермен сауда байланысын кеңейту мәселелері қаралды. Атап айтқанда, Иордания, Пәкістан және Туниспен ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктері мен Индонезиямен жасалған сауда келісімдерін жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, Сербиямен қолданыстағы еркін сауда туралы келісімге тауарларды жеткізу шарттарын растауға қатысты өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.