Ақмола облысында полицейлер есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Одан 2,5 келіден астам есірткі мен психотроптық заттар тәркіленді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Көкшетау қаласындағы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері заңсыз есірткі айналымына қатысы бар күдіктінің әрекетін әшкереледі. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер Петропавл қаласының 28 жастағы тұрғынының есірткі таратуға қатысы барын анықтаған. Жедел уәкілдердің мәліметінше, ер адам тамыз айында есірткі тарату мақсатында Көкшетауға барған. Бұған дейін ол Петропавлда заңсыз әрекетпен айналысқан. Кейін Қостанай мен Көкшетауда да есірткі таратуды қолға алған. Күдікті Көкшетаудан пәтер жалдап, оны есірткі сақтайтын орын ретінде пайдаланған. Ол мұнда тыйым салынған заттарды дозаға бөліп, арнайы ораған. Дайын орамдарды кейін қала аумағындағы жасырын орындарға қалдырып отырған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам күніне 100–200 орамға дейін дайындаған. Ал заңсыз қызметі үшін ақыны криптовалюта түрінде алып отырған. Полицейлердің анықтауынша, күдікті бастапқыда есірткіні жасырын орындарға жеткізумен айналысса, кейін ірі көлемдегі партияларды қабылдап, оларды өлшеп, орап, әрі қарай таратуға дайындаған. Күдіктіні ұстау және оның тұрғылықты жерін тінту кезінде полиция қызметкерлері есірткі мен психотроптық заттарды тәркіледі. Атап айтқанда, 320 грамм марихуана, 370,83 грамм гашиш майы, 787,07 грамм гашиш, сондай-ақ құрамында альфа-PVP психотроптық заты бар 141 пакет пен екі полиэтилен орамасы табылған. Соңғысының жалпы салмағы 1 келіден асады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ол 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.