Бейнебақылау камералары, бейнеаналитика және ұшқышсыз ұшу аппараттары — бұл құралдар Шығыс Қазақстан облысының полициясына қоғамдық тәртіпті бақылауға, құқық бұзушылықтардың мән-жайын анықтауға және жедел іс-шараларды жүргізуге көмектеседі, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Цифрлық шешімдердің мүмкіндіктері туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Эльдар Қарсақпаев айтып берді. Цифрландыру бағыттарының бірі — облыс аудандарында да Жедел басқару орталықтарын дамыту. Олар “102” арнасына келіп түсетін хабарламаларды қабылдау мен тіркеуді автоматтандыруға, сондай-ақ полиция бөлімшелерінің жұмысын үйлестіруге мүмкіндік береді.
Жағдайды бақылау үшін әр аудан орталығында 77 бейнебақылау камерасынан орнатылған. Камералардан түсетін бейне облыс орталығы мен Ішкі істер министрлігінде де қолжетімді. Бет-әлпетті тану функциясын қоса алғанда, бейнеаналитика жүйесі келіп түскен ақпаратты өңдеуге және құқық бұзушылықтардың мән-жайын оқиға ізін суытпай анықтауға көмектеседі. Полиция жұмысында ұшқышсыз ұшу аппараттары да қолданылады. Олар әуеден патрульдеу, адамдарды іздестіру және жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде пайдаланылады. Цифрлық шешімдер полицияның мүмкіндіктерін кеңейтіп, ақпаратты уақытылы алуға, жағдайды бағалауға және оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.