Алматы қаласына және Алматы облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ұлттық қор қаржысы салынған ірі инфрақұрылымдық, әлеуметтік және коммуналдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан қомақты қаражат бөлінуде. Тек биылдың өзіне қаралған 1,5 трлн теңге қаржының шамамен 60–70%-ы денсаулық сақтау саласына бағытталған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында аймақтардағы тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, жол құрылысын сапалы әрі уақытылы жүзеге асырудың маңызына тоқталып: «Кейде жаңадан салынған кейбір нысандардың сапасы сын көтермейді, тіпті, қоғам талқысына түсіп жатады.
Бұл тұрғыдан алғанда, жол саласындағы ахуал да мәз емес. Сондықтан жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарау керек. Құрылыс жұмысын басынан аяғына дейін қатаң қадағалау қажет. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің қызметін күшейту керек. Жалпы, осы салаға түбегейлі реформа жасаған жөн",- деп атап өтті.
Жұмыс сапары кезінде Үкімет басшысының бірінші орынбасарына Алматы халықаралық әуежайының инфрақұрылымын одан әрі дамыту жоспары таныстырылды. Жоспарда терминал және ұшу-қону инфрақұрылымын жаңғырту, жаңа рульдеу жолағын, жүк перронын салу және сервистік нысандарды дамыту көзделген.
Мамыр айындағы сапарында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Алматы қаласының әкімімен бірге әуежайдағы жұмыс сапасын, оның талаптарға сай келмейтін кемшін тұстарын сынға алып, мердігер мекемеге нақты міндеттер жүктеген болатын. Осы жолы сол кезде берілген тапсырмалардың орындалу деңгейіне баса назар аударылды.
Одан кейін 8 шақырымдық Р-17 «Алматы – Талғар – Бәйдібек би» автожолының төрт жолаққа дейін кеңейтілуі жоспарланған аумақты, «Алматы – Бішкек» автожолының 7 шақырымын қайта жаңғырту жобасын қарап шықты. Мұнда жол төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейтіліп, екі жолайырық және тоғыз жерүсті жүргінші өткелі салынады. Жоба Алматы мен қала маңындағы негізгі бағыттардың бірінің көлік қозғалысын жеңілдетіп, жол инфрақұрылымының мүмкіндігін кеңейтеді.
Келесі нысан – Қалқаман шағын ауданындағы №7 қалалық клиникалық аурухана. Ол жаңартудан кейін 900 орындық болады. Жоба аурухана корпустары мен инженерлік жүйелерін жаңартуды, құрылымдарды күшейтуді және заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыруды қамтиды.
Алматының денсаулық сақтау саласын дамытуға Ұлттық қордан 66 млрд теңге, республикалық бюджет қаражаты мен алдағы жылға жоспарланған қаржыландыруды қоса есептегенде, 196 млрд теңге қарастырылған.
«Мемлекет басшысы қаражаттың 60–70%-ын дәл осы денсаулық сақтау нысандарын салуға бөлуді тапсырды, өйткені халыққа бірінші кезекте заманауи медициналық инфрақұрылым қажет. Енді осы қаражатты игеріп, барлық жұмысты дер кезінде аяқтап, нысандарды халық игілігіне беру керек. Бұл – Үкімет басшысының да бақылауындағы аса маңызды жобалар», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Сапар барысында Саин көшесін Алматы қаласының шекарасынан Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту жобасы да қаралды. Жаңа аумақтың ұзындығы 6,6 шақырым, жоба бойынша жол, инженерлік коммуникациялар және теміржол үстінен өтетін жол өткелі салынады. Бұл қаланың Қарасай ауданымен және ҮАААЖ арқылы көлік байланысын жақсартады.
Бүкіл агломерация үшін маңызы бар тағы бір жоба – Алматының батыс кәріз коллекторы. Негізгі учаскенің ұзындығы 35 шақырым, бүгінде 17,9 шақырым құбыр тартылған. Жоба аяқталғаннан кейін Алматының Наурызбай және Алатау аудандарының, сондай-ақ Алматы облысының іргелес аумақтарының шамамен 200 мың тұрғыны орталықтандырылған су бұру жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болады.
Бұдан кейінгі нысан – 3,4 шақырым Абай даңғылын ҮАААЖ-ға дейін ұзарту жобасы. Оның мақсаты – жол, Ақсай өзені арқылы көпір және ҮАААЖ үстінен жол өткелін салу. Жаңа аумақ Алматыдан шығатын қосымша бағыт қалыптастырып, Қарасай ауданымен көлік байланысын тиімді етеді.
Алматының әлеуметтік нысандарымен танысу Сейфуллин көшесіндегі 155 орындық №1 қалалық перзентханаға және Әйтеке би көшесіндегі бір ауысымда 500 келуші қабылдауға есептелген емханаға барумен жалғасты.
Аталған нысандарда тек қала тұрғындарына ғана емес, бүкіл агломерацияға қызмет көрсетіледі.
