Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі индустриалды және аграрлық сектордың даму қарқынын, ірі өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысын тексерді. Сапар барысында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талданып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдымен бірінші вице-премьер KIA Qazaqstan автомобиль зауытының жұмысымен танысты. Жылына 70 мың автокөлік шығаруға қауқарлы кәсіпорын $310 млн көлеміндегі инвестиция есебінен салынған. Мұнда 1500-ге дейін жұмыс орны қарастырылған.
Бүгінде зауытта өндіріс толық автоматтандырылған, роботтандырылған жүйелер кеңінен енгізілген. Кәсіпорында 800-ге жуық адам еңбек етеді. Жыл басынан бері шамамен 7 мың автокөлік шығарылып, ішкі нарықты қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Сапар барысында делегация «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің құрылысымен танысты. Жалпы құны 64 млрд теңгеге жуық ірі инфрақұрылымдық жоба өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Жоба толық іске қосылған жағдайда 500 жаңа жұмыс орны ашылып, контейнерлік тасымал көлемі 20%-ға дейін ұлғаяды. Қазіргі таңда алғашқы кезең аясында 2 723,7 метр теміржол желісі мен 26 мың шаршы метр контейнерлік алаң салынды. Жоба 2027 жылы толық аяқталуы жоспарланған.
«Кешен іске қосылғаннан кейін Қостанай облысының транзиттік және логистикалық әлеуетін едәуір арттырып, халықаралық жүк тасымалы бағытындағы маңызды хабтардың біріне айналады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және инвестициялық тартымдылықтың артуына оң әсерін тигізеді», — деді «Тобыл» КЛК» ЖШС директоры Айдын Әлімов.
Делегация сондай-ақ индустриалды аймақта орналасқан «KamLitKZ» зауытының қызметімен танысты. Кәсіпорын ауыр жүк көліктеріне арналған автокомпоненттер шығарады. Бұған дейін іске қосылған жобалардың бірі – шойын құю өндірісі. Былтыр зауытта 654 мың тонна өнім өндіріліп, оның басым бөлігі экспортқа жөнелтілген.
Делегацияға өңірде жүзеге асырылуы жоспарланған газ-химия кешені мен Ақтөбе – Қостанай магистральдық газ құбырының құрылысы жөніндегі жобалар таныстырылды.
Сонымен қатар «Баян Сұлу» фабрикасының «Кондитерлік астана» жобасы таныстырылды. Жаңа өндірістік кешен жылына 13 мың тоннаға дейін кондитерлік өнім шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 260 жаңа жұмыс орны ашылған.
«Жаңа кешен ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті кеңейтуге, өнім түрлерін көбейтуге және халықаралық нарықтардағы позициямызды нығайтуға серпін береді. Жобаны белгіленген мерзімде аяқтап, жаңа өндірісті іске қосу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр», — деп баяндады «Баян Сұлу» АҚ басқарма төрағасы Тимур Садықов.
Сапар аясында өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған екі ірі жоба ұсынылды. Олар – астықты терең өңдеу зауыты мен тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіру зауыты.
Бірінші вице-премьер бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды да аралады. Атап айтқанда, теміржол вокзалының қайта жаңғырту жұмыстары (жоба құны 5,3 млрд теңге, дайындық деңгейі 57%) және тәулігіне 1400-ден астам жолаушы қабылдайтын нысанның жаңарту барысы қаралды.
Сондай-ақ Арқалық әуежайын қалпына келтіру жобасы таныстырылды. Жаңа жолаушылар терминалының құрылысы 80%-ға аяқталған, оның жалпы ауданы шамамен 3 мың шаршы метрді құрайды.
«Арқалық қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан ірі ғимараттардың бірі осы болады. Әуежай Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен салынып жатыр. Сондықтан жұмысты белгіленген мерзімде ғана емес, жоғары сапамен аяқтау қажет», — деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев.
Бұдан бөлек, «Орталық – Батыс» көлік дәлізін дамыту, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар көлік инфрақұрылымын жаңғырту жобалары қаралды.
Тобыл қаласындағы «Астана» шағын ауданында жоспарға сәйкес 154 көпқабатты тұрғын үй салу көзделген. Бүгінде 10 үйдің құрылысы аяқталған, тағы 13 үй ағымдағы жылы пайдалануға беріледі.
Сапар қорытындысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары бірқатар нақты тапсырмалар берді. Олардың қатарында инвестициялық жобаларды қолдау және экспорттық әлеуетті кеңейту; индустриялық аймақ инфрақұрылымын дамыту; «Тобыл» логистикалық кешенін қаржыландыруды жеделдету; ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобаларын жүзеге асыру; тұрғын үй құрылысын жеделдету және сапасын бақылау; жылыту маусымына дайындық жұмыстарын күшейту мәселелері бар.
Сонымен қатар энергетика, көлік және коммуналдық инфрақұрылым салаларындағы стратегиялық жобаларды уақытылы аяқтау міндеттелді.