Қазақстанда протездік-ортопедиялық көмекке мұқтаж балаларға медициналық көрсетілімдеріне сәйкес жеке өлшеммен жасалған протездік-ортопедиялық бұйымдар тегін беріледі. Бұл жұмыс – әлеуметтік қорғау жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі. Көмек ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы базасында көрсетіледі, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Протездік-ортопедиялық көмек тірек-қимыл жүйесінде бұзылыстары бар балалардың қозғалысын қолдауға, дене бөліктерінің қызметін түзетуге және оңалтудың нәтижесін жақсартуға бағытталған. Мұнда басты назар әр балаға жеке қарауға аударылады. Яғни бұйым баланың денсаулығына, дене бітімінің ерекшеліктеріне және нақты қажеттілігіне қарай таңдалып, жеке өлшемімен дайындалады.
Протездік-ортопедиялық көмектің негізгі түрлерінің бірі – ортездеу. Ортез – дененің белгілі бір бөлігін ұстап тұруға, тұрақтандыруға немесе дұрыс қалыпқа келтіруге көмектесетін арнайы медициналық бұйым. Ол сондай-ақ денеге түсетін салмақты азайтуға көмектеседі.
Баланың медициналық көрсетіліміне қарай табанға, тобыққа, тізе буынына, балтырға, аяқтың толық бөлігіне, сондай-ақ қолдарға арналған ортездер жасалуы мүмкін. Балаға қандай ортез қажет екенін маман тексеру нәтижесіне қарай анықтайды.
Ортез баланың жеке өлшемі бойынша жасалады. Бұл балалар үшін өте маңызды, себебі бала өскен сайын дене бітімі мен қозғалысқа деген қажеттілігі де өзгереді. Сондықтан мамандардың міндеті дайын бұйымды бере салу емес, баланың дене ерекшелігіне сәйкес келетін ортез дайындау. Дұрыс таңдалған ортез баланың қозғалысын қолдап, оңалту шараларының тиімді өтуіне көмектеседі.
Ортезді баланың жасына, суретіне немесе сыртқы белгілеріне қарап өз бетінше таңдауға болмайды. Алдымен маманға қаралу қажет. Маман баланың денсаулығын, қозғалу мүмкіндігін бағалап, ортездің қажет-қажет еместігін анықтайды. Содан кейін қажетті бұйымның түрі таңдалып, баланың жеке өлшемдері алынады. Осы өлшемдер бойынша ортез дайындалады.
Протездік-ортопедиялық көмек алуға құқығы бар азаматтарға жеке өлшеммен жасалатын бұйымдар медициналық көрсетілімдерге және белгіленген тәртіпке сәйкес тегін беріледі. Бұл отбасыларға қажетті бұйымды қосымша шығынсыз алуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, егер протездік-ортопедиялық көмек алу үшін басқа елді мекенге бару қажет болса, жол шығындарын өтеу қарастырылған. Жол шығындары жылына екі реттен артық өтелмейді. Ал ұсақ протездік-ортопедиялық құралдарды алу кезінде жол шығыны бір рет өтеледі. Сондай-ақ баланың протездік-ортопедиялық көмек алуына байланысты оны алып барған адамның жол шығыны да бір рет өтеледі.
Осылайша, мемлекеттік қолдау баланың қажеттілігін анықтаудан бастап, маманның кеңесі, жеке өлшем алу, бұйымды дайындау және қажет болған жағдайда көмек көрсетілетін жерге бару шығындарын өтеуге дейінгі процесті қамтиды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ата-аналарға: егер балаға ортез немесе басқа да протездік-ортопедиялық бұйым қажет болса, ең алдымен маманға жүгінуге кеңес береді. Балаға дұрыс таңдалып, жеке өлшемімен жасалған бұйым оның қозғалысын сақтауға, күнделікті өмірде өздігінен әрекет етуіне және оңалту нәтижесін жақсартуға көмектеседі.