Алматыда полиция профилактикалық жұмысты күшейтуде, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматының Бостандық ауданында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және профилактикалық жұмысты күшейту мәселелеріне арналған жалпы білім беретін мектеп директорларымен жұмыс кездесуі өтті. Кездесуде оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, буллинг пен жанжалға жол бермеу, электронды темекі мен вейптердің таралуы және қолданылуының алдын алу, сондай-ақ мектептердің ата-аналармен және ювеналды полиция инспекторларымен өзара іс-қимылы талқыланды. Бұдан бөлек, мектептердегі техникалық қауіпсіздік мәселелеріне назар аударылды. Барлық мектепте бейнебақылау жүйелері, дабыл түймелері және күзет қызметі талапқа сай болуы тиіс. Сондай-ақ мектептердегі бейнекамералардың полиция департаментінің жедел басқару орталығындағы бейнебақылау жүйесіне қосылуын тексеру тапсырылды.
Құқықтық сауаттылықты арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауданның барлық мектебінде “Жас сақшы” жасақтарын құру ұсынылды. Кездесу қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында полиция, мектеп және ата-аналар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған қосымша шаралар белгіленді.