Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың инвестиция тарту және елдің инвестициялық ахуалын жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басшылығымен жұмыс бабындағы кездесу өткізіп, инвестиция тарту бағытындағы жұмысты одан әрі күшейтудің негізгі басымдықтары мен міндеттерін айқындады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжекұлов, басқарма төрағаларының орынбасарлары, басқарушы директорлар және ұйымдардың негізгі бағыттарына жетекшілік ететін басшылар қатысты.
Кездесу барысында Министрге тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, инвестициялық жобаларды іске асыру, әлеуетті инвесторлармен өзара іс-қимыл, ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны дамыту, сондай-ақ халықаралық инвестициялық іс-шараларды дайындау және өткізу бағыттарындағы жұмыстың қазіргі барысы таныстырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша Министр алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер мен басым бағыттарды айқындады. Инвесторлармен жұмыстың нәтижелілігін арттыруға, инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдетуге және Қазақстан экономикасына капитал тартуда үйлестірілген тәсілді қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Белгіленген бағыттар бойынша жұмыс Қазақстанның инвестициялық саясатын іске асыруға бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету және елдің халықаралық капитал үшін тартымды бағыт ретіндегі ұстанымын нығайту шеңберінде жалғасатын болады.