Елорда әкімдігі мен дін қызметкерлері мал базарының басшылықтарынан Құрбан айт кезінде мал құнын нарықтық бағадан асырмауды сұрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Малдың бағасы бойынша базар басшылықтарымен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. 11 тамызға дейін олармен тағы да кездесеміз. Яғни, әлбетте, қазір мереке болғандықтан, малға деген сұраныс өте жоғары болады. Сұраныс көп екен десек те, мал мен ет бағасын шамадан тыс көтертпеуге тырысамыз. Жалпы, былтырғы жылдың тәжірибесі бойынша ұсақ малдың – қойдың ең қымбат бағасы 40-50 мың теңгенің шамасы болуы мүмкін. Ал негізі, қойдың құны 20 мың теңгеден басталады. Тиісінше, қойдың жасына байланысты баға әртүрлі болуы ықтимал», - деді Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық даму істері басқармасының діни бірлестіктермен, миссионерлермен және теологиялық оқу орындарымен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Әділет Төлеутаев елорда әкімдігінің баспасөз орталығында.
Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай Өтпенов ірі қараның бағасы қанша болуы керектігін айтып өтті.
«Ірі қараның бағасы мөлшерімен белгілі. Мәселен, ірі-қара бойынша базар әкімшілігінің бізге ұсынып жатқан бағасы – 315 мың теңгені құрап тұр. Егер 7 адам бірігіп, ірі қара малды құрбандыққа шалуға бекінсе, бір адамға 45 мың теңгеден айналады. Бірақ, ол соманың ішіне барлығы кіретінін ескеру керек. Яғни, қасапшылар малды сойып, бөліп, бәрін дайындап береді. Ет жетіге бөлінгеннен кейін жеті адам алып кете ме, қайырымдылыққа бере ме – өзі шешеді. Ірі қараға байланысты баға осындай. Әрине, біз өз тарапымыздан мал сатушылардан бағаны қатты қымбаттатпауды сұраймыз. Себебі, халыққа қиындық жасамау керек, көмек берілуі тиіс. Шариғатымызда да солай. Әдейі халыққа қиындық жасауға болмайды. Нарықтық баға қалай болса – сол бойынша сатуды мал сатушылардан сұраймыз», - деді Наурызбай Өтпенов.
Оның айтуынша, мал бағасын реттеуге дін қызметкерлері өкілетті емес.
Айта кетсек, Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталатын Құрбан айт та жақындап келеді. Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбандық шалу барысында орындалуы тиіс талаптарды атаған болатын.
Сурет: inform.kz