Қазақстан Президенті дәстүр бойынша Елорда күніне арналған мерекелік іс-шараны ашатын Мемлекеттік туды көтеру салтанатты рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Акорда.
– Қазақстанның туы жоғары әуелеп көтерілгенде жүрегімізді тәуелсіз еліміздің барлық жетістігіне деген мақтаныш сезімі баурап алады. Бас қаламыз қалыптасқан сәттен бастап, дамудың қазақстандық үлгісінің айқын жетістікке жеткенін көрсетіп келеді – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әскери оқу орны түлектерінің алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның туын өңірде және бүкіл жер шарында қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бейбітшілік пен салиқалы саясаттың символы ретінде бүкіл әлем білетінін айтты.
– Қазіргі күрделі жаһандық ахуалда біздің ер азаматтарымыз түрлі шиеленіс ошақтарына барып, бітімгерлік миссиясын абыроймен атқаруда.
Білікті әскери қызметкер адамгершілік құндылықтарын биік ұстайтын, темірдей тәртіпті сақтайтын, табанды еңбек ететін адам болуы тиіс.
Қазақстанның қауіпсіздігі – Сіздердің сапалы жұмыстарыңызға тікелей байланысты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Рәсім барысында жоғары әскери оқу орнының 27 үздік түлегі Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицер погонын алды.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барлық қатысушыларды келе жатқан Елорда күнімен құттықтап, Қазақстан халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.