Қазіргі заманда баланың жан-жақты дамуы тек мектеп қабырғасындағы біліммен шектелмейді. Оқушының шығармашылық қабілетін ашу, ғылыми ізденіске баулу, спорт пен өнерге қызығушылығын арттыру – қосымша білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта Астана қаласында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
2025-2026 оқу жылында елорда мектептерінде 296 мыңнан астам оқушы білім алды. Олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қабілеттерін дамыту мақсатында қалада 14 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді.
Соның ішінде оқушылар сарайлары ерекше орын алады. Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайы, Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы және көпфункционалды «TANYM» кешені мыңдаған баланың арманына жол ашып отырған заманауи білім беру орталықтарына айналды.
Бүгінде оқушылар сарайлары дәстүрлі үйірме өткізетін мекеме ғана емес, болашақ мамандарды тәрбиелейтін инновациялық алаң қызметін атқаруда. Мұнда балалар өнер, ғылым, техника, спорт және әлеуметтік бағыттар бойынша өз қабілеттерін шыңдай алады. Әсіресе, соңғы жылдары ғылыми-техникалық шығармашылыққа ерекше көңіл бөлініп келеді.
Солардың бірі – Астана қаласы әкімдігінің «TANYM» көпфункционалды кешені. Жалпы аумағы 12 мың шаршы метрден асатын бұл заманауи орталық 750 баланы қамтуға мүмкіндік береді. Кешенде 33 балалар бірлестігі жұмыс істейді және олар алты негізгі бағыт бойынша білім береді.
Мұнда оқушылар хореография, вокал, театр және аспаптық өнермен айналысып қана қоймай, робототехника, бағдарламалау, инженерия, STEM жобалары, виртуалды шындық технологиялары, 3D модельдеу және прототиптеу бағыттарын меңгереді.
Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздері зертханасы, агротехнология, гидропоника және аквапоника кабинеттері балалардың ғылыми зерттеушілік дағдыларын дамытуға жағдай жасайды.
Кешеннің материалдық-техникалық базасы да ерекше назар аудартады. Ғимаратта 299 орындық әмбебап зал, коворкинг алаңы, театр және вокал студиялары, инженерлік зертханалар, киберспорт кабинеттері, виртуалды шындық аймақтары мен заманауи ғылыми зерттеу орталықтары орналасқан.
Мұның барлығы балалардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік береді.
Елордадағы оқушылар сарайларының тағы бір маңызды ерекшелігі – олардың тәрбиелік миссиясы. Бұл мекемелер жас ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, патриоттық рухын нығайтады. Балалар командада жұмыс істеуді, жауапкершілік алуды, өз ойын еркін жеткізуді және көшбасшылық қасиеттерді меңгереді.
Қазіргі таңда Астана қаласында мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдары мен олардың филиалдары арқылы 239 мыңнан астам бала қамтылып отыр. Бұл – қосымша білім беру жүйесінің қоғамдағы сұранысының жоғары екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Бүгінгі оқушылар сарайлары – жай ғана үйірме орталығы емес. Олар – болашақ инженерлерді, ғалымдарды, өнерпаздарды, спортшыларды тәрбиелейтін шығармашылық пен инновацияның орталығы.
Астана қаласының оқушылар сарайлары жас буынның талантын танып, арманын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірегей білім кеңістігі ретінде ел дамуына қызмет етіп келеді.