2025 жылдың қорытындысы бойынша спортпен жүйелі түрде шұғылданатындардың үлесі 42 пайызға жетті, оның ішінде 325 мың бала бар. Осылайша, шаһар ҚР Туризм және спорт министрлігі белгілеген мақсатты көрсеткішке қол жеткізді. Жыл басынан бері 380 мыңнан астам адамды қамтыған 3 000-нан аса спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қалада Almaty Marathon, ATP-250 Almaty Open, шахматтан әлем чемпионаты және дзюдодан Азия кубогы сынды 35 ірі халықаралық турнир өтті. Алматының халықаралық имиджін нығайтуға УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан «Қайрат» футбол клубы да қомақты үлес қосты.
Сондай-ақ, студенттік лига алғаш рет іске қосылды. Оған 35 жоғары оқу орны, 108 команда және шамамен 1 500 студент қатысты. Балалар спортын дамыту да жалғасып келеді. «Балалар Футбол Лигасы» жобасына 320 команда құрамындағы 8 мыңнан астам бала тартылған.
2025-2026 жылғы қыс маусымында қаланың сегіз ауданында 21 мұз айдыны жұмыс істейді. Алматы үшін бұқаралық спортты дамыту және қолжетімді спорт инфрақұрылымын кеңейту басым бағыт болып қала береді.